Жайық Сұлтан, «Zerek» технопаркінің директоры: Біз өз жерімізде бар борды Қытайдан импорттап жатырмыз

Ақтөбеде де талантты жас ғалымдар, олардың дарынды жетекшілері бар. Жергілікі зерттеушілер өндіріс қалдықтарын кәдеге жаратып, импортталатын құрылыс материалдарын отандық өніммен алмастыратын жобаларын ұсынып отыр. Бұл бағыт бойынша 12 өнертабыс патенті алынған.

Өндіріс орындары жергілікті

табиғаттың қыр-сырын білетін өзіміздің ғалымдармен бірге жаңа іс бастаудан гөрі, шетелдің оқымыстыларын шақыруды жөн көреді. Кедергісі көп, нәтижесі уақыт күттіретін саланың дәл ортасында жүрген Жайық Сұлтан Aktobenews.kz тілшісіне Ақтөбедегі ғалымдар мен ғылымның дамуы туралы айтып берді.

Біздің ғалымдарымыз сөзден гөрі іске жақын. Күні-түні ізденіп, өз жобаларын үздіксіз тәжірибеден өткізіп, нәтижеге қол жеткізу жолында түрлі тәуекелге баратын ғалымдар бізде де бар.

Қазіргі кезде оларды «Zerek» технопаркі мен Жас ғалымдар кеңесі біріктіреді. Техника, жаратылыстану саласында оқып, өндірісте жұмыс істейтін жастар осы жерден өз ойларын іске асыра алады.

Облыста жас ғалымдар арасында байқау өтті, алғашқы грант иегерлері анықталды. Кейбірі жобаны іске асырып, кәсібін бастаған. Мәселен, Азамат Киреев қашықтан оқыту әдістемесін іске қосты. Ал, Жұмагүл Мақашева қаржы саласы бойынша ғылыми орталық ашуда.

Жас ғалым Марат Қабылов тұрғын үй құрылыс-коммуналдық шаруашылығы бағытындағы заманауи еңбегін қазан айында тәжірибеден өткізеді. Нұргүл Жантурина және оның ғылыми ұжымы грант шеңберінде шетелдік ғылыми журналдарға мақалалар жарияп үлгерді. Бұл ғылымға бет қойған, нағыз еңбек адамдарының белгісі.

Ғалымдардың шағын жұмыстарын қолдаса, үлкен мәселелердің шешімі жергілікті жерде табуға болады. Мәселен, қарапайым бор. Мектеп борды шетелден тасиды. Ал, бұл химиялық элемент Ақтөбенің бірнеше ауданында бар, қоры мол.

«Zerek» технопаркінің ғалымдары техногенді қалдықтарды іске асыру жобасын жүзеге асыруда. Жоба жетекшісі – физика-математика ғылымдарының кандидаты Аят Қайрақбаев.

«Өндіріс қалдықтарын іске асыру жобасы бойынша оннан астам патент алынып, жиармаға тарта мақала жарияланды. Ақтөбе жылу электр орталығынан қалған күлді сараптамадан өткізіп, құрамдас бөліктерді қосып, сапалы кірпіш щығару ойымызда бар. Кәсіпорын күлден арылғысы келеді, ал бізге кірпіш шығаруға материал керек», — дейді технопарк директоры.

Сонымен қатар, жобаны іске асыру үшін кірпіш шығаратын шағын зауытпен келісім жасалыпты. Жұмыс сол жерде басталады. Кірпіштен тұрғын үй, өнеркәсіп ғимараттарын салуға болады. Оған қажетті диатомит кені және анықталды. Бұл кірпіш дайындауға қажетті қоспа.

«Ойыл, Алға, Мәртөк жерлерінде бор дабар. Ал біз өз жерімізде бар борды Қытайдан импорттап жатырмыз»,- дейді «Zerek» технопаркінің директоры Жайық Сұлтан.

Әктас құрылыс кезінде бояу ретінде де кәдеге асады. Алдағы уақытта ғалымдар борды өндіру, өңдеу жобасына патент алуды жоспарлап отыр. Ал, күл мен диатомиттен жасалған кірпіштің алғашқы үлгісі алынып, сынамадан өтті.
Ғалымдар шаруашылыққа қажетті жаңа құралдардың да үлгісін жасап шығарған. Олардың арасында өрт сөндіргіш құрал да бар. Бұл, әсіресе, дала өрті кезінде өте пайдалы, тиімді. Жоба авторы — «Zerek» Технопаркінің қызметкері Құрманбаев Әмидолла.

Жаңа құрал 2-3 метр қашықтықта тұрып жердің құмын шашып, өртті сөндіруге мүмкіндік береді. Бұл құралдың патенті бар, енді паспорты мен сертифакаты рәсімделеді.

Ғалымдар теміржол бойында қар тоқтату әдісін де ойлап тапқан. Олар түрлі сусыннан қалған пластик ыдыстардан бөгет дайындауды ұсынып отыр. Балшыққа батқан көліктің тез шығуына көмектесетін құрал да технопарк ұжымының еншісінде. Желден қуат алатын шнек тектес роторы бар жел агрегаты да технопарк өнімі.

«Ақтөбеде 40-қа жуық жас ғалым бар. Олар өндіріс орындарында жұмыс істейді, жоғары, арнаулы оқу орындарында білім алады. Біз ешкімге шектеу қоймаймыз, келген ізденушілерге көмектесеміз. Таяуда авторлық меншік бойынша семинарлар мен тренингтер өткізу жоспары бар. Ол семинарда сондай-ақ гранттарды алу, ғылыми жобаны рәсімдеу, зерттеу нәтижелерін жариялау үйретіледі. Сонымен қатар, технопарк Томсон Рейтерс мәліметтер базасына кіріп, қажетті ақпаратты алуға, танысуға мүмкіндік береді. Бұл кез келгеннің қолы жете бермейтін мағлұмат базасы. Таяуда Ақтөбе хром қосындылары зауыты, Дөң кен байыту зауыты мен АЙС сүт фермасына экскурсия жасалады. Студенттер мен магистранттар барып, өндірістегі жұмыспен таныса алады»,- деді Жайық Сұлтан.

«Жергілікті проблеманы біздің мамандар ғана жақсы біледі. Тек олардың біліктілігін көтеріп, талдау, сараптау, тәжірибеден өткізу құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Ал ғылым ауқымды қаражатты қажет етеді»,- дейді сұхбат иесі.

Қазіргі кезде «Zerek» технопаркінің ұжымы мен жас ғалымдар бірлесіп республикалық гранттарға жобалар ұсынуда. Ақтөбелік ғалымдар үшін ғылымды дамытудың негізгі жолы мемлекеттік грантқа қол жеткізу болып отыр.

Алтынай Сағындықова, Aktobenews.kz